5-сынып • Математика
Видеосабақты көріп, тақырыпты меңгеріп ал.
Өрнекті ықшамдау дегеніміз — өрнектің мәнін өзгертпей, оны амалдар саны аз, есептеуге және оқуға ыңғайлы түрге келтіру. Өрнектерді ықшамдауда қосу мен көбейтудің қасиеттері және көбейтудің үлестірімділік қасиеті қолданылады.
Қосудың ауыстырымдылық қасиеті: a + b = b + a. Бұл қасиет бойынша қосылғыштардың орындарын ауыстырғаннан қосындының мәні өзгермейді. Ал қосудың терімділік қасиеті: (a + b) + c = a + (b + c). Сондықтан санды қосылғыштарды өзара топтап есептеуге болады.
Мысалы:
17 + a + 23 = (17 + 23) + a = 40 + a.
Яғни санды қосылғыштарды қосып, өрнекті қысқа түрде жаздық.
Көбейтудің де ауыстырымдылық және терімділік қасиеттері бар: a · b = b · a және (a · b) · c = a · (b · c). Бұл қасиеттерді пайдаланып, сандық көбейткіштерді бірге көбейтіп, әріпті көбейткіштерді олардың жанына жазуға болады. Мысалы, 4a · 7 = 28a.
Мысал:
2a · 3b · 5 = (2 · 3 · 5) · ab = 30ab.
Мұндағы 30 саны — өрнектің коэффициенті.
Көбейтудің қосуға және азайтуға қатысты
үлестірімділік қасиеті:
(a + b) · c = ac + bc
(a − b) · c = ac − bc.
Бұл қасиетті кері бағытта да қолдануға болады:
ac + bc = (a + b)c.
Мұнда c — ортақ көбейткіш.
Бірдей әріпті бөлігі бар қосылғыштарды біріктіруге болады. Мысалы, 7x + 5x = (7 + 5)x = 12x, ал 15y − 6y = (15 − 6)y = 9y. Демек, өрнекті ықшамдау кезінде алдымен ұқсас қосылғыштарды тауып, олардың коэффициенттеріне амал орындаймыз.
Өрнекті ықшамдап, шыққан сандық коэффициентті енгіз.
🎯 10 тапсырманы орындап болдың ба?
Енді біліміңді тест арқылы тексер!
Әр сұрақтың бір ғана дұрыс жауабы бар. Барлық 10 сұраққа жауап бер.